0 11.6 тыс 0 Политика

Түбі бір түркі жұрты Наурызды Түркістанда тойлады

Поделиться

ТҮРКСОЙ ұйымының ұйғарымымен Түркістан қаласы биыл түркі әлемінің мәдени астанасы болып белгіленген. Көне шаһар қазір әрленіп, әз-Наурыз мерекесіне орай ерекше келбетке енді. Ұлыстың ұлы күнін жергілікті жұрт кең құлашпен қарсы алды. Торқалы тойға арнайы ат терлетіп келген қонақтар да қисапсыз көп. Дені түркі тілдес елдерден. Қанат Жүнісбеков, тілші -Шын мәнінде бірлігі бекем оңтүстік жұрты жыл басы Наурыз мерекесін ерекше атап өтіп жатыр. Көне шахардағы Яссауи кесенесінің маңына ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, этноауыл бой көтерген. Ол жерлерде ұлттық құндылықтарымыз насихатталуда. Түркістанға арысы Түркия, берісі қойы қоралас, ауылы аралас көршілес елдерден мыңға жуық қонақ келді. Осылайша, 1500 жылдан астам тарихы бар көне шаһар түркі тілдес халықтардың басын тағы бір қосты. Рухани астанадағы Наурыз мерекесі Яссауи бабамыздың басына тәу етуден басталды. Келушілерге кесененің ерекшелігі мен осында жерленген хандар мен билердің, жалпы қазақ халқының бай тарихы дәріптелді. Думан Есімхан алаңында «Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» атты салтанатты шарамен басталды. Жарау атқа мінген алпыс жігіт түркі тілдес елдердің туын тұғырға алып шықты. Бұл мереке күн мен түннің теңеліп, жаңа жылдың бастауы саналады. Сахналық көріністе осының барлығы бейнеленді. Әсіресе қыстаудан жайлауды бетке алған «Наурыз көш» керуеннің Ұлы Жібек жолы бойындағы көне қалаға келіп, қазық қағуы әсерлі болды. 30 түйе мен 50 ат 7 арба жегілген көшке 300-ге жуық әртіс қатысып, өнерлерін ортаға салды. Араларында түркиялық өнер ұжымдары да бар. Ақшаңқан киіз үй тігілген этноауылда әжелер мен қазақы киім киген қыз-келіншектер қонақтарға наурыз көже ұсынды. Мерекені тамашалауға келген өзге елдің азаматтары тарихпен етене танысып, өзін ерте замандағы қазақтың ауылында жүргендей сезінді. әз-Наурыз мерекесінің жоғары деңгейде өтуіне өңірдегі этномәдени орталық өкілдері да барынша атсалысып жатыр. Қазір менің жанымда Түркістан қалалық өзбек этномəдени орталығы төрағасының орынбасары Шамырза Мадалиев тұр. Түркі әлемінің Рухани астанасы ретінде Түркістанды таңдаудың қандай сыры бар? Шамырза Мадалиев, Түркістан қалалық өзбек этномəдени орталығы төрағасының орынбасары: -Әрине бұл – исі мұсылман бауырлар үшін ортақ мереке. Түркістан түркі тестес қалалардың мәдени астанасы ретінде танылып, кең көлемде Ұлыстың ұлы күні тойланып жатыр. «Көне қала – түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесіне орайластырылған бағдарлама қара күзге дейін жалғасады. Осы аралықта 50-ден астам түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылмақ. Шеттен келген азаматтарға Шымкенттен бастап Сауранға дейін жолай көне қалалар мен тарихи орындар таныстырылады. Ал ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан Наурыз мерекесіне арналған думан кеште еліміздің өнер жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтіп, отшашу шашылады. Ұлттық ат спорт ойындары да бар.

Смотрите также